«Ішкі істер органдарына бюджет есебінен бөлінген қаржының жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізу» аудиторлық іс – шарасы бойынша мемлекеттік аудитпен «Атырау облысы Ішкі істер департаменті» мемлекеттік мекемесінде 7 701 529,0 мың теңге бюджет қаржысы қамтылып, жалпы сомасы 116560,9 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 187,1 мың теңгенің қаржы бұзушылықтары, 115290,3 мың теңгенің тиімсіз жұмсалған бюджет қаражатының сомасы және 1083,5 мың теңгені 3 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталып отыр.
Анықталған бұзушылықтар Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы №95-IV Бюджет Кодексінің, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 06 сәуірдегі № 175 «Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының
шегінен тыс мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберу қағидаларын бекіту туралы» қаулысының, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 11 тамыздағы № 1210 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына арналған жанар-жағармай материалдары шығыстарының және автокөлікті күтіп ұстауға арналған шығыстардың нормаларын бекіту туралы» қаулысының, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің 2009 жылғы 28 тамыздағы №324 «Жанар – жағармай материалдары шығыстарының және автокөлікті күтіп ұстауға арналған шығыстардың нормаларын жариялау туралы» бұйрығының талаптарын жеткілікті деңгейде басшылыққа алмаудан орын алған. Сонымен қатар бюджет қаржысын жоспарлау барысында сатып алынатын негізгі құралдардың пайдалану мүмкіндіктері тиісті деңгейде зерделенбеуінен болып табылады.
Комиссия отырысына дейін 187,1 мың теңгенің қаржылық бұзушылықтары толықтай жергілікті бюджетке өтеліп, кемшіліктер қалпына келтірілді.
10.07.2018 жылы аудиторлық іс-шара бойынша комиссия отырысы өткізіліп нәтижесімен Қаулы қабылданды. Анықталған кемшіліктерді жоюға және алға қарай болдырмау мақсатында аудит объектісіне Нұсқама жолданды.