Құрметті Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының ресми сайтының қолданушылар, Сіздерге комиссия мүшесі А.Құмаровтың «Бюджет кодексі мен мемлекеттік аудит заңына оң өзгерістер енгізіліп жауапкершілік күшейтілді» тақырыбындағы мақаласы назарларыңызға ұсынылады!
Биылдан бастап бюджет кодексіне көптеген өзгерістер енгізілді. Оның ішінде, жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы, тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем, сондай-ақ, мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, зиянды өтеу туралы талап қоюлар бойынша объектілер операторларынан алынған қаражат, мұнай секторы ұйымдарынан және салық салу саласындағы құқық бұзушылықтардан түсетін түсімдерді қоспағанда, сот орындаушылары, сот приставтары және сот төрағасы немесе сот отырысында төрағалық етуші уәкілеттік берген соттардың басқа да қызметкерлері салатын әкімшілік айыппұлдар, өсімпұл, санкциялар, өндіріп алулар облыстық жергілікті бюджетке түсетін болады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, егер олардың кем дегенде біреуі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық болып табылса, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган тергеп-тексеретін қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша мемлекетке келтірілген залалды өтеу нәтижесінде мемлекет кірісіне, оның ішінде мүлікті өткізуден түсетін ақша қаражаты Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына түсетін түсімдер санатына енгізіліп отыр.
Бұл өз кезеңінде, жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюына, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге және экономиканың дамуына оң ықпалын тигізеді.
Осыған дейін тәртіптік жауапкершілікпен құтылған лауазымды тұлғаларға, енді ҚР Бюджет кодексінің талаптарын бұза отырып, тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің балансында жоқ және белгіленген тәртіппен пайдалануға берілмеген объектілерді күтіп-ұстауға арналған бюджет қаражатын жұмсаудан көрінген, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және (немесе) тиімсіз пайдаланғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес лауазымды адамдарға бір жүз АЕК мөлшерінде (345 000 теңге көлемінде) айыппұл салуға алып келеді.
Бұрын мемлекеттік аудиторлар тексеру кезінде тек бұзушылық фактісін анықтап қана қойса, аудит жүргізу тәртібіне енгізілген өзгерістерге сәйкес бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген лауазымы тұлғаларды аудиторлық есепке көрсететін болады.
Бұл ретте, анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер лауазымды адамның өкілеттіктерін атқару кезінде осы мәселелерді қарастыру құзырына кірсе онда жауапты болады.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы ҚР Заңына 2023 жылғы 11 қаңтардан бастап күшіне еніп отырған қаржылық бақылаудың ден қою шараларына қосымша, аудит объектісі тарапынан нұсқаманы орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар материалдарды мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге процестік шешім қабылдау үшін прокуратура органдары арқылы қылмыстық қудалау органдарына беру бөлігінде түзетулер енгізілді.
Аудит объектісі, мүдделерін аудиторлық іс-шаралар қозғаған кәсіпкерлік субъектілері және өзге де тұлғалар аудит және қаржылық бақылау нәтижелеріне шағым жасаған кезде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар материалдарды тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге процестік шешім қабылдау үшін қылмыстық қудалау органдарына беру дауларды реттеудің апелляциялық және (немесе) сот тәртібі сақталғаннан кейін прокуратура органдары арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, аудит объектісінің басшысы тарапынан мүдделерін мемлекеттік аудиттің аудиторлық іс-шаралары қозғаған кәсіпкерлік субъектілерінің және өзге де тұлғалардың анықталған қаржылық бұзушылықтары туралы хабардар етуге міндетті болады.
Осы түзетулер сотқа дейінгі тергеп тексеру басталғанға дейін дауларды реттеу жолымен мемлекеттік аудит қорытындыларына шағымдану тетігін іске асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бұдан бөлек, Ішкі аудит қызметтері аудит объектісінің лауазымды адамдарының әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде материалдарды тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге қылмыстық қудалау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілетті органдарға беру бойынша ден қою шараларын жүзеге асырады.
Аталған өзгерістер бірінші кезекте бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан жауапкершілік күшейтіліп, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді.
Ал, қаржылық бақылау органдары болса, аудит объектілерінде мемлекеттік бюджетті жоспарлау мен жұмсау кезінде есеп пен есептіліктің, тікелей және түпкілікті нәтижеге қол жеткізілуін тиісті деңгейде жүргізілуіне ықпал етеді.
Бүгінде алға қойылған мақсаттар мен міндеттер барынша орындалуда деуге болады. Бірақ біздер тұтастай алғанда қоғам өмірінде және оның ішінде қаржы саласында ойдағыдай және нақты өзгерістерге жету үшін мемлекеттік аудит жүйесін әліде жетілдіруді әрі қарай жалғастыратын болады.