2022 жылдың 04 мамырында Тексеру комиссиясында Атырау облысының Денсаулық сақтау саласына бөлінген бюджет қаражатының пайдалануына жүргізілген аудит қорытындысының отырысы өтті.
Мемлекеттік аудит тиімділік және мәнділік көрсеткіштері бойынша жүзеге асырылды.
Аудиторлық іс-шарамен қамтылған 10 объектілер бойынша 458,4 млн. теңгенің бұзушылығы анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылық 57,9 млн. теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты 315,6 млн. теңге және тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 84,8 млн. теңге. Рәсімдік бұзушылықтар саны 84 бірлік.
Басқармамен Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы «Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төмен стандарты негізінде Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандыруға нақты талдау, мониторинг жүргізілмегені анықталды.
Мәселен, аудит барысында басқармаға қарасты кәсіпорындарды жарақтандырудың ең төменгі стандартына сәйкес іріктеу әдісімен талдау барысында 66 бірлік негізгі (лазерлік терапия аппараты, криохирургилық аппарат, рентгендік диагностикалық аппарат, УВЧ терапиясына арналған құрылғы және гинекологиялық кресло) медициналық бұйымдардың қажеттілігі бар екендігі байқалды.
Кадр тапшылығы бөлігіндегі проблемалар және оны төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралардың жеткілікті еместігі байқалды.
Бүгінге күнге Басқарманың есебі бойынша Атырау облысының Денсаулық сақтау саласында 201 бірлікке дәрігер тапшылығы орын алып отыр. Соңғы үш жылда кадрлармен қамтамасыз етілу көрсеткіші төмендеу үрдісіне ие.
Өңірде негізінен анестизиолог-реаниматолог, жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог, инфекционист дәрігерлерінің тапшы екендігі анықталды. Осылайша, 2019-2021 жылдары бөлінген 402 085,0 мың теңге бюджет қаражаты кадр тапшылығын азайтуға ықпал етпеді.
Дәрігерлердің қабылдау кестесі мен «Damumed» АЖ-ден алынған мәліметтерге талдау жүргізу барысында бір қызметкердің бір уақытта бірнеше медициналық ұйымдарда қабылдау жүргізгені белгілі болды. Яғни науқастарды қабылдау уақыты формальды толтырылған. Осылайша, Басқарма мен медициналық ұйымдардың басшылары тарапынан бақылау мен мониторингтің болмауын көрсетеді.
Бұдан бөлек, «Damumed» АЖ-де көрсетілген қызметтерге талдау жүргізу барысында іс жүзінде көрсетілмеген қызметтерді негізсіз енгізулер орын алған.
Аудит барысында медицина ұйымдарының қызметкерлері арасында жүргізілген сауалнама нәтижесімен, медицина қызметкерлерінің арасында еңбекақыға көңілі толмайтындығы анықталды.
Бұл медициналық көмек сапасының (көрсетеілетін қызмет сапасы) төмендеуіне себеп болып табылады.
Дәрігерлер жұмысының сапасы мен тиімділігіне қарай қолданыстағы еңбекақы есептеу жүйесін нақты көрсетілген қызметінің көлеміне негізделген еңбекақы есептеу жүйесіне көшіруді қарастыруды ұсынды.
Сонымен қатар, сауалнама нәтижесімен тұрғындардың басым көпшілігі жеке (частный) медициналық орталықтардың қызметіне жүгінетіндігі байқалды.
Яғни, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында мамандардың, медициналық бұйымдардың болмауы себебінен емделушілер медициналық қызметті ақылы алуға мәжбүр.
Басқарма жергілікті жерде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырып отырғанымен өңірдегі жеке медициналық орталықтар, олардың халыққа қызмет көрсетуі туралы мониторинг, талдау жүргізбейді. Осылайша, Халық денсаулығы Кодексінің талабы бұзылған.
Осы орайда, халықтың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шын мәнінде қол жеткізу үшін пациенттерді қалаған медициналық ұйымдарда тегін медициналық көмек көрсетуді Басқарма қолға алу керек.
Ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiне мониторинг жүргізілмейді. Осылайша Басқарма мен кәсіпорындар тарапынан ауылдық жерге жіберілген қызметкерлер жұмыстан өз еркімен босатылса да, әлеуметтік қолдауға 2019,2021 жылдары берілген 3,0 млн. теңге (бір жолғы төлем) бюджет кірісіне қайтарылмаған.
Халық денсаулығы Кодексінің талаптары бұзылып, Басқарманың медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімі тарапынан денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне, яғни медициналық ұйымдарға берілген дәрілік заттардың есепке алынуына, оны науқастарға қамтамасыз етілуі және тиімді пайдалануына мониторинг жүргізілмеген.
Басқарма дәрілік заттарды сатып алуға 2020 жылға бюджеттік өтінімді жасақтау барысында алдыңғы жылдан қалдық болса да назарға алмай 139,3 млн. теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған.
Осыған ұқсас, 2021 жылы костюм сатып алуда 84,9 млн. теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарлауға жол берілген.
Сатып алынған медициналық бұйымдардың бағаларына талдау жүргізу барысында №3 емхана тарапынан 19,1 млн. теңгеге бұйымдарды нарықтық бағадан жоғары сатып алған.
Сонымен қатар, №3 қалалық емханада 902,2 мың теңгеге (принтер, таразы) сатып алынған медициналық бұйымдар қолданылмай тұрғандығы белгілі болды.
Тексеру комиссиясымен бюджеттiк есептiлiктi жасау, ұсыну қағидаларын бұзу бойынша сотқа 2 әкімшілік іс құжаттары жолданды.
Отырыс қорытындысы бойынша қаржылық тәртіптің сақталуын күшейту мақсатында шаралар қабылдау, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау бойынша тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, Басқарма мен қарасты ұйымдарға қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында келесі ұсынымдар берілді:
– Өңірде кадр тапшылығын болдырмау мақсатында нақты шаралар қабылдау;
– «Damumed» АЖ-де бір уақытта дәрігерлердің бірнеше денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет көрсетуін болдырмау бойынша мониторинг жүргізу, қорытындысы бойынша шаралар қабылдау;
– «Damumed» АЖ-ін дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерінің қолдануын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу және қалдырылған пікір мен ескертпелерге талдау жүргізіп, шаралар қабылдау;
– Медициналық көмектің қай түрінің ақылы және қай түрінің кепілдік берілген көмекке жататындығы туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
– Ауруханалар мен емханалардағы дәрі-дәрмектің қолданылуының электрондық есебін жүргізетін ақпараттық жүйе енгізу;
– Емдеу мекемелерінде науқастармен (пациенттер) кері байланыс (обратная связь) орнату, ақпаратты электрондық жүйе арқылы енгізіп, ұсыныстардың қорытындысымен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға шаралар қабылдау;
– Қолданыстағы еңбекақы есептеу жүйесін нақты көрсетілген қызметінің көлеміне негізделген еңбекақы есептеу жүйесіне көшіруді қарастыру;
-Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмек шеңберінде қажетті дәрігер немесе медициналық бұйым болмаған жағдайда, сол қызметтерді орындауды қосалқы мердігерге беру тәжірибесін (жандандыру) енгізу.
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы