Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында «Атырау облысы Кәсіпкерлік және туризм басқармасынын қызметінің тиімділігі және жеке кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуының тиімділігі» сараптамалық-талдау іс-шарасы бойынша аудиторлық қорытындысы қаралды.
Сараптамалық-талдау іс-шара нәтижесімен Атырау облысы Кәсіпкерлік және туризм басқармасымен (бұдан әрі-Басқарма) Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау қағидаларының, Бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу және бекіту қағидаларының, Бюджеттік мониторинг жүргізу нұсқаулығының талаптарын жеткілікті деңгейде басшылыққа алмау салдарынан, 6 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
Іс-шара қорытындысымен кәсіпкерлікті қаржылай қолдауда және басқарма қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында, келесідей ұсыныстар берілді:
– Аудит объектісі тарапынан мемлекеттік грант бойынша конкурстық комиссия отырысын объективті ашық өткізу мақсатында бейне жазбаға түсіру құрылғысымен қамтамасыз ету;
– Мемлекеттік грантқа өтінім берушілердің айлық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) және салық есептілігін қайтарып алу туралы мәліметтерін kgd.gov.kz веб-порталымен сәйкестендіріп тексеруді қамтамасыз ету;
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 31.12.2019 жылғы №1060 «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысына өзгерістер енгізу үшін басқармамен ұсыныстар жолдау:
1) Мемлекеттік гранттар бойынша жобаның іске асыру мерзімін кәсіпкердің бизнес жоспарындағы іске асыру мерзімімен сәйкестендіру;
2) Бизнес жобалардың әр өлшемшартының бағалауы бойынша орташа баллдарының есептелу негізділігін комиссия мүшелерінің жеке бағалауы құпиялығын сақтай отырып, түсінікті кесте немесе ақпарат түрінде хаттамаларға енгізу;
3) Кредиттерді субсидиялау және кепілдендіру бойынша мониторинг қорытындыларының ұсыну мерзімін бекіту;
4) Мемлекеттік гранттар бойынша құжаттар топтамасының толықтығын қарау мерзімін ұзарту;
Бұдан бөлек, сараптамалық талдау іс-шарасы аясында анықталған рәсімдік бұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнамалар шеңберінде тәртіптік шара алу бойынша тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.