Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау азаматтардың әлеуметтік қамтылуын, мемлекеттің тұрақтылықты экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең маңызды жүйесі болып табылады.
Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыратын кең ауқымды инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру мен мемлекеттік бюджет саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік аудиттің ролі жоғары.
Осыдан 10 жыл бұрын Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2011 жылғы 2 мамырдағы «Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы» N67 Жарлығымен штат жағы санынан 30 бірлікті құрайтын Сыртқы қаржылық бақылау жүйесінің жұмысын реттеп, жергілікті жердегі бюджеттің кірісі мен шығысының орындалуына баға беретін осы өңірдегі Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясы мемлекеттік органы құрылған болатын.
Тексеру комиссияларын құрудың негізін қалаған Есеп комитеті екенін айтып өткен ләзім. Сондай-ақ, Есеп комитеті тексеру комиссияларының әдіснама, біліктілігін арттыру және қайта даярлаумен қызметін үнемі үйлестіріп отырады. Соның нәтижесінде ең басты мақсат – қолайлы климатты қамтамасыз етіп, тиімді әдіспен сапалы жұмыстың арқасында жыл сайын негізгі көрсеткіштер көлемі артып келеді.
Алғашқы тексеру комиссиясының төрайымы болып 2011 жылы Жұмағалиева Лариса Жасталапқызы, 2012-2013 жылдар аралығында Қонарбай Болат Қайроллаұлы, 2013 жылы Мұхамбетқалиев Нұржан Қайырғалиұлы, 2013-2017 жылдары Мурзиев Марат Бейсенғалиұлы, 2017-2020 жылы Бектемир Руслан Бектемирұлы, 2020-2021 жылы Таушов Нариман Бақытұлы өз қызметтерін абыроймен атқарды.
2016 жылдың 15 қарашада «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң қабылданып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесі қалыптастырылып, жоғары органы болып Есеп комитеті белгіленіп Тексеру комиссиясының құзыреті бекітілген.
Заңның негізгі ерекшелігі – мемлекеттік аудитті және (немесе) қаржылық бақылауды жүзеге асыратын, мемлекеттік аудитор сертификаты бар мемлекеттік қызметші болып табылады және оның талабына сәйкес мемлекеттік аудит жүргізетін мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге міндетті түрде мемлекеттік аудитор сертификаты болуы шарт.
Бүгінгі күні, Тексеру комиссиясының штат құрамында барлығы 28 мемлекеттік қызметшілер қызмет атқарады. Оның ішінде: 15 мемлекеттік қызметшілер «Мемлекеттік аудитор» сертификатын алған, соның ішінде 7 мемлекеттік қызметшілер «Жоғары санатты мемлекеттік аудиторы» сертификатын иеленген және 5 мемлекеттік аудитордың ассистенттері қызмет атқарып келеді. Барлық қызметкерлер материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
Кадр тапшылығын жою мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздегі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жоғары оқу орындарының ішінен республика көлемінде Есеп комитеті және Ішкі аудит комитетімен бірлескен үш деңгейде мемлекеттік аудиторларды дайындайтын бірден бір оқу орын болып табылады.
Атырау облысы әкімдігі жанындағы Білім беру грантын беру жөніндегі конкурстық комиссия отырысының хаттамалық шешіміне сәйкес 2019-2020 оқу жылында жергілікті бюджеттен берілген білім беру гранттары иегерінің ішінен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің күндізгі оқу нысанындағы «Аудит және салық салу» факультетінің «Мемлекеттік аудитор» мамандығына мектеп табалдырығын аттаған Атырау облысында тұратын 13 талапкер облыс әкімдігінің куәлігіне ие болып, жергілікті бюджеттен облыс әкімдігі тарапынан конкурс негізінде талапкерлер оқып жатыр. Бүгінгі күні, Тексеру комиссиясынан тәжірибеден өтуде.
Тексеру комиссиясы 10 жыл ішінде өз қызметінде барлығы 162 аудиторлық іс-шаралар бойынша отырыс өткізіп қаулылар қабылдап, жалпы сомасы 790 млрд. 533 млн. 741 мың теңгеге 1 341 аудит объектілері қамтылды: мемлекеттік мекемелер – 951 бірлік, квазимемлекеттік сектор субъектілері – 296 бірлік.
Өткен 10 жылда заңнама нормаларының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері актілерінің анықталған бұзушылықтардың сомасы 125 млрдқа жуық. Оның ішінде: қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 118 млрд. 312 млн. 111 мың 700 теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты мен активтерінің жалпы сомасы 536 млн. 120 мың 200 теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтерінің жалпы сомасы 4 млрд. 280 млн. 382 мың 600 теңге, рәсімдік сипаттағы анықталған бұзушылықтардың саны 2 238 бірлік.
Анықталған бұзушылықтарды және жұмыстағы кемшіліктерді жою мақсатында аудит объектілеріне 5 449 ұсыныстар мен тапсырмалар жолданды.
Құқық қорғау органдарына барлығы 144 аудиторлық іс-материалдары жолданып, нәтижесінде 7 қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық процессуалдық шешімдер қабылданды.
Сонымен қатар, 646 бірлік әкімшілік құқық бұзушылық шаралары алынып, барлығы 36 млн. 839 мың 480 теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынды.
Сондай-ақ, лауазымды тұлғаларға 1 382 бірлік тәртіптік шаралары алынды.
Тексеру комиссиясын қынжылтатын жағдай өткен кезеңдерде жалпы сомасы 310 млн. теңгеге жуық бюджет қаражатын кейбір пысықайлар жымқырып қолды қылған.
Мәселен: Жылыой ауданына қарасты мектептің есепшісі тарапынан аса ірі көлемде жалпы сомасы 24,0 млн. теңге, екінші мектептің есепшісі 18,0 млн. теңге, Махамбет ауданына қарасты бір мектептің 2 есепшілер қызметкерлердің атымен өздерінің жеке карт шоттарына жалпы сомасы 50,0 млн. теңгеге жуық бюджет қаражатты заңсыз аударып алғандығы анықталып, сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып түрлі жауапкершілік арқалады.
Ал, өткен 2020 жылы ауылдық округтердің бір есепшісі 22,0 млн. теңгеге жуық аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырғандығы анықталып, сот үкімімен 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып және өмір бойы мемлекеттік қызметте есеп саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.
Осы тектес, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маман-есепшісі өзінің жеке карт шотына жалпы сомасы 10,0 млн. теңгеден аса бюджет қаражатын иемденіп алғаны анықталып, кінәлі тұлғаның қайтыс болуына байланысты іс қысқартылды.
Бұл кемшіліктер тек қана мемлекеттік қызметшілер, соның ішінде есепшілердің ғана кінәсі емес, тікелей бақылауға алмаған бірінші басшыларының да кінәлары болып табылады.
2021 жылы Атырау қаласына қарасты 1 балабақша ұйымынан жалпы сомасы 26,0 млн. теңгеге жуық аса ірі көлемде бюджет қаржысын есепші тарапынан өзінің есеп шотына аударып алғандығы белгілі болды. Аталған факті құқық қорғау органына жолданып, келтірілген залал бюджетке кері қайтарылып, бүгінгі күні материал сотқа жолданды.
Тексеру комиссиясымен Атырау облысы бойынша Салықтық әкімшілендірудің тиімділігіне және жергілікті бюджетке түсетін салық және салықтық емес түсімдердің толықтығы мен уақытылығының қамтамасыз етілуіне мемлекеттік аудит жүргізілген болатын.
Аудиторлық іс-шара нәтижесімен 306 млнға жуық қаржы және 24 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.
Мәселен: елеулі бұзушылық болып табылатын Атырау қаласының жер қатынастар бөлімінде 152 млн. теңгеге жуық бюджетке түсуге тиісті қаржы жер сатып алушы тұлғалар тарапынан жалған түбіртектер жасап, төлем құжаты болғанымен нақты салық органдарымен тексеру кезінде бюджетке түспегендігі белгілі болды. Бұл материалдар да құқық қорғау органдарына жолданып, бүгінгі күні тергелуде. Дәл осындай фактілер Құрманғазы, Исатай аудандарының жер қатынастары бөлімдерінде кездесіп отыр.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан республикалық бюджеттен бөлінген қомақты трансферттер сомасын мақсатсыз пайдаланылғандығы анықталып кері бюджетке қайтарылды.
Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 28 наурыздағы тапсырмасына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне тексеру комиссияларымен бірлесіп, бюджеттің барлық деңгейлерінде дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталатын қаражаттың жұмсалуына жүйелі және кешенді мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Осы орайда, Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясы да өз қызметін жүзеге асыру кезінде жергілікті бюджеттің кіріс, шығысына жүйелі түрде сыртқы қаржылық бақылауды және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында көптеген ауқымды жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Бағдарлама әкімшілері үшін басты мәселе жоспарлау сапасы мен бөлінген қаражатты игеру мерзімі бұзылмауы болып табылатындығы естен шықпауы қажет.
Тексеру комиссиясы тиісті уәкілетті құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, бөлінген қаржажатты мақсатты, тиімді пайдалануына жүйелі түрде кешенді мониторинг жүргізіп отырады.
Ашықтықты және жариялықты қамтамасыз ету мақсатында тексеру комиссиясы бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста. Тексеру комиссиясының Facebook әлеуметтік парақша желісінде және atyraurevcom.gov.kz ресми интернет ресурсында көптеген мақалалар жарияланып келеді.
Бүгінде, мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріледі. Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсібилік пен жеке құзіреттердің, моральдық-адамгершілік қасиеттердің және әдептілік мінез-құлықтың көрнеуіне негізделген. Қызметшілердің мінез құлық этикасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жетілдіруде оң құрал болып табылады.
Осы орайда, әріптестерінің арасынан құрметке ие болған тәжірибелі, тексеру комиссиясының мүшесі Асылан Жұмабиденұлы Құмаров әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін атқарып келеді.
Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұсыныстарына және әдеп жөніндегі уәкілдің жоспарына сәйкес Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілермен түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіліп отырады. Мемлекеттік органның көрінетін жеріне Әдеп жөніндегі уәкілдің электрондық поштасы, жұмыс орнының сенім телефоны, қабылдау кестесі орнатылған. Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында анонимді сауалнама тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Жұмыс регламентін бақылауды қамтамасыз ету бағытын күнделікті қатаң бақылауға алынып, скут бағдарламасы қызмет атқаруда. Тексеру комиссиясының мемлекеттік қызметшілерімен мәдени-қоғам өмірге, оның ішінде республикалық, облыстық және аудандық деңгейлердегі спорттық шараларға қатысуын үнемі ұйымдастырылып келеді.
Бұдан басқа, соңғы кездері аудит объектісіне бармай электрондық әдіспен сараптамалық талдау іс-шаралары кеңінен қолданылып келеді.
Осылайша, аудиторларға түсетін жүктілікті азайту мен іссапар шығындарын үнемдеу және сыбайлас жемқорлықты болғызбау мақсатында қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етті.
Үнемі түсіндірме жұмыстардың арқасында бүгінгі күнге тексеру комиссиясының қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілер орын алған жоқ.
Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді септігі тиеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Осы міндетті табысты іске асыру жемқорлыққа қарсы тиімді саясатқа байланысты, өйткені оған бюджеттің түрлі деңгейлерінен айтарлықтай қаражат бөлінеді. Осыған байланысты, бюджет қаражатының тиімсіз пайдалану жағдайларын және қаржылық бұзушылық фактілерін анықтайтын сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының рөлі артуда.
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы өзінің өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған мемлекеттік шараларды жетілдіруге белсене қатысуда.
Бүгінгі таңда, қаржы бұзушылықты болдырмау оның алдын алу бағытында бірқатар түсіндірме жұмыстары уәкілетті органдармен бірлесіп жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аталған шараларды одан әрі жетілдіру бойынша қабылданған барлық шаралар бір жағынан мемлекеттік органның ашықтығын қамтамасыз етіп бұзушылықты болғызбауға шақырады. Бұған қоса, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы қаржылық бақылау» тақырыптарында мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге комиссия мүшелері тарапынан бірнеше рет дәріс оқытылып келеді.
Облыстық прокуратура және құқық қорғау огандарымен жасақталған 4 жақты бірлескен бұйрыққа сәйкес аудит жүргізу кезінде қылмыстық белгілері бар құқық бұзушылықтарды процестік шешім қабылдау үшін жекелеген материалдар жолданады.
Сондай-ақ, тексеру комиссиясына қабылданған жас мамандар мемлекеттік қызметтің меритократия қағидасына сәйкес жоғарлау сатысымен жетекші маманнан бас маман, бас инспектор, бөлім басшысы және одан жоғарылар комиссия мүшесі немесе өзге мемлекеттік атқарушы органдардың басшылық құрамдағы лауазымдарға тағайындалып отыр.
Оның дәлелі, жас маман болып келген Қонысов Нұрбол Айтбайұлы қазіргі таңда комиссия мүшесі, Қайрошева Гүлпан Мұхитқызы, Аққажиева Ляззат Сатыбалдықызы комиссия мүшесі лауазымдарын атқарып келеді. Дауталиева Жанат Махамбетқызы жас маманнан аппарат басшысына дейін көтеріліп отыр.
Қызылқоға ауданының әкімі Бейсембиев Нұрсұлтан Орақұлы, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Қаражанов Жұмабек Байрақбайұлы, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Рашев Жантөре Сәкенұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Мұратов Амангелді Хайдарұлы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалған Атамбаев Ержан Болатқанұлдарын айта кету қажет.
Алға қойылған мақсаттарға жету үшін қажырлы еңбегімізді жұмсап экономикамыздың даму жолында аянбай қызмет ақтарып, қоғамның игілігіне ықпал тигізетінімізге сеніміміз мол.
Құқықтық мәдениет деңгейін жоғарлату, сыбайлас жемқорлықтық алдын алу және оған қарсы тұру бағытында белсенділік көрсетуде.
Осылайша, тәуелсіз аудиттің әлемдік стандарттарға сай жұмыс жүргізетін беделді институтына айналды. Тексеру комиссиясының кәсіби қызметкерлерінің арқасында ұлттық ресурстардың пайдалану тиімділігі артып, әркезде де бақылаудан түспеген.
Экономиканың күре тамыры саналатын Еліміздің есеп комитетімен тексеру комиссиясы бірлесе отырып жоспарлы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Көптеген көрсеткіштер бойынша біз халықаралық талаптарға жауап беретін әлемдік аудиторлық қауымдастықтың толық қанды мүшесіне айналдық. Бұған мемлекет басшысының есеп комитетінің атқарған жұмысына оң баға беріп отырғандығы айқын дәлел. «Төртеу түгел болса-төбедегі келеді» дегендей мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуына қашанда мүдделік танытамыз.
Қаз басып, қалыптасу кезеңі Тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген Есеп комитетінің құрылуының 25 жылдығы және Тексеру комиссияларының құрылуының 10 жылдығына орай барлық әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға бақыт, шаттық, қуаныш, құт-береке, ырыстарың көп болып толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін! Алдағы жоспарларыңыз іске асып, тілектеріңіз орындалсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!
Мақаланы дайындаған:
Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасының міндетін уақытша атқарушы А.Құмаров