2021 жылдың 16 сәуірде Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында Атырау қаласында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына баға беру, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатының орындалысына, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының төтенше жағдай кезеңінде бөлінген бюджет қаражатынан қаржыландырылуы және мақсатына сай пайдалануына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды. Мемлекеттік аудитпен «Атырау облысы Білім беру басқармасының Атырау қаласы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен оған қарасты мектепке дейінгі 41 балабақшалар қамтылды. Нәтижесімен анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 366 964,9 мың теңгені құрады, соның ішінде: қаржылық бұзушылықтар 314 952,1 мың теңге, бюджет қаражатын, активтерді тиімсіз пайдалану 46 435,7 мың теңге, бюджет қаражатын, активтерді тиімсіз жоспарлау 5 577,1 мың теңге және рәсімдік бұзушылықтар 147 бірлікті құрады. Жүргізілген аудит қорытындысымен жалпы сомасы 29 992,6 мың теңге бюджет қаражаты қалпына (бюджет есебіне өтелді) келтірілді.
Анықталған бұзушылықтар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің, Еңбек кодексінің, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы №234 «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы», 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V «Мемлекеттiк сатып алу туралы», 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242 «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», 2011 жылғы 01 наурыздағы №413-IV «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңдарының талаптарын жеткілікті деңгейде басшылыққа алмаудан орын алған.
Соның салдарынан аудит объектілерінде еңбекақы есептеп төлеуде, мемлекеттік сатып алу мен бухгалтерлік есепті жүргізуде, басшылар мен есеп кадрларының тарапынан уақытылы қадағалау мен талдау жұмыстарының жүргізілмеуінен жоғарыда аталған бұзушылықтарға жол берілген. Бұның өзі бюджет қаражатын тиімді жоспарлау, әрі үнемді жұмсау қағидаттарының сақталмауына, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдылық нормаларына сәйкестігіне қайшы келетіндігін атап өткен қажет.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша аудитпен қамтылған мекемелерде анықталған бұзушылықтарды жою, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар мен ұсынымдар тапсырылды.