АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫ

Обычная версия

Жаңалықтар
01.07.2023

2023 жылдың 30 маусымында Тексеру комиссиясында Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының» 2022 жылғы жоспарының іске асырылуына, сондай-ақ қаралған бюджет қаражатының жоспарлануы мен пайдалануына жүргізілген аудит қорытындысының отырысы өтті.

Мемлекеттік аудит тиімділік, нәтижелілік және мәнділік көрсеткіштері бойынша жүзеге асырылды.

Аудиторлық іс-шарамен қамтылған 10 объектілер бойынша 12 941 423,9 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 136 233,7 мың теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатының сомасы 9 383 240,0 мың теңге және тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 3 421 950,2 мың теңге. Сонымен қатар, 57 бірлік рәсімдік бұзушылықтар мен 1 484,4 мың теңге ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда анықталды.

Аудиторлық іс-шараның қорытындысымен Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының (бұдан әрі – Даму жоспары) жекелеген көрсеткіштеріне қол жеткізбеу, оның көрсеткіштерін орындау бойынша анық емес деректерді ұсынуы, қате ұсынуы байқалды.Сондай-ақ бюджет заңнамасы, құрылыс қызметі, басқа да нормативтік құқықтық актілер саласындағы заңнаманың сақталмауынан кемшіліктер мен бұзушылықтар анықталды. Бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану кезінде бюджеттік бағдарламалары әкімшілері тарапынан мониторинг және бақылау жүргізбеу орын алып отыр, бұл кейіннен қаржылық бұзушылықтарға, тиімсіз жоспарлауға, пайдалануға әкелді.

Даму жоспарындағы 119 индикаторының ішінен 32 нысаналы индикаторлары бойынша нәтижеге қол жеткізілмеген.

Даму жоспарына тиісінше бақылаудың және іске асырылу барысын мониторингілеудің тиісті деңгейде болмауы нысаналы индикаторлар мен іс-шараларға қол жеткізбеуге әкелді. Нысаналы индикаторлардың жыл сайын орындалмауы анықталды.

Сондай-ақ, Атырау облысының даму жоспарын табысты іске асыру үшін қолданылатын негізгі құралдар ведомствоаралық өзара іс-қимыл тиісті деңгейде жүзеге асырылмағанын көрсетеді.

Даму жоспарын іске асыру туралы есебінде ақпаратты бұрмалау, анық көрсетпеу фактілері анықталды, орындалмаған іс-шаралар орындалды деп көрсетілген, бұл есептерді қате қалыптастыруға әсер етті.

Іске асыру есебінде орындалмаған іс-шаралардың өңірдегі, елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайға әсері туралы ақпаратпен қамтылмаған.

Медициналық қызмет сапасын арттыру және халықтың денсаулығын нығайту» мақсатындағы Салауатты өмір салты және аурулардың алдын алу мәселелері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту іс-шаралары жеткілікті түрде тиімді жүргізілмейді.

Бюджеттік бағдарламалары әкімшілері бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілеріне жол береді, тиісті бақылаудың болмауы тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізбеуге алып келген, сол арқылы бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған.

Бюджеттік бағдарламалары әкімшілері инженерлік инфрақұрылым, білім беру, мәдениет объектілерін салуда құрылыстың нормативтік ұзақтығының мерзімдері сақталмаған, тапсыру мерзімдерінің бірнеше рет өзгеруі байқалды. Бұл жекелеген инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асырылмауына алып келді.

Бюджет кодексін бұза отырып, 079 «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферт есебінен «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға нысаналы даму трансферттері» бюджеттік бағдарламасы бойынша нысаналы трансферттерінің толық пайдаланылмаған сомасының жоғары тұрған бюджетке қайтаруды қамтамасыз етпеген, мақсатына сай пайдаланбаған.

Бюджет заңнамасы бұзыла отырып, құрылыс салу, күрделі жөндеу объектілерінде орындалған жұмыстардың анық расталуы қамтамасыз етілмей мердігерлерге орындалмаған жұмыс көлемі үшін бюджет қаражаты төленген.

Авторлық қадағалауды және техникалық қадағалауды жүзеге асыратын ұйымдар құрылыс қызметі саласында атқарылатын жұмыстардың жобалық шешімдерге сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етпеген.

Мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруды, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау кезінде қаржылық бұзушылықтар анықталды. Яғни, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері субсидияланған аналық мал басының жыл бойы сақталуын қамтамасыз етпеген. Сонымен қатар, субсидия сомалары берілген өтінім сомасынан артық төленген.

Инвестициялар салынған жағдайда агроөнеркәсіптік кешен субъектісі көтерген шығыстардың бөліктерін өтеу бойынша субсидиялау бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі инвесторларға сатып алынған тауарлар бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасы азайтылмай субсидияны артық төлеуге жол берген.

Ауыл шаруашылығы басқармасы инвестициялар салынған жағдайда агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің сатып алған техника, машина мен жабдықты иеліктен шығарылмауына және мақсатты пайдаланылуына, объектінің жұмыс істегеніне/жұмыссыз тұрғанына мониторинг жүргізбейді.

Отырыс қорытындысы бойынша қаржылық тәртіптің сақталуын күшейту, анықталған бұзушылықтарды жою туралы және оларға жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау туралы ұсынымдер мен тапсырмалар берілді.