2023 жылдың 21 маусымында Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында «Жергілікті бюджеттің 2022 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілігіне мемлекеттік аудит жүргізу» аудиторлық іс-шарасының қорытындысы қаралды.
Аудитпен қамтылған кезеңде ЖБ ШҚЕ 35 (оның ішінде жергілікті бюджетті атқару жөніндегі қала, 7 аудандардың жергілікті уәкілетті органының қаржылық есептіліктері) бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің есептерінен құралған, олар 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шоғырландырылған бухгалтерлік баланс, 2022 жылғы шоғырландырылған қаржылық қызмет нәтижелері туралы есеп, ақша қозғалысы туралы есеп (тікелей әдіс), таза активтердің/капиталдың өзгерістері туралы есеп және қаржылық есептілікке түсіндірме жазбаны қамтиды.
Жүргізілген қаржылық есептілік аудиті бойынша жалпы сомасы 26 347 824,5 мың теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде, қаржылық есептіліктің бұрмалануларының жалпы сомасы 26 347 728,3 мың теңге және бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі қаржылық бұзушылықтар 96,2 мың теңге. Рәсімдік сипаттағы бұзушылықтардың саны 13 бірлік. Аудиторлық іс-шара қорытындысымен жалпы сомасы 25 450 796,5 мың теңге бұрмаланулар есептілікпен қалпына келтірілді.
Бұзушылықтардың басым бөлігін «Шоғырландырылған бухгалтерлік баланс» нысанының 110 «Ұзақ мерзімді активтер» жолында көрініс таппаған 22 533 966,84 мың теңге қаржылық инвестициялар сомасы құрайды. Сонымен қатар, қаржылық есептіліктегі бұрмаланулар негізгі қорға белгіленген амортизация нормаларының дұрыс есептелмеуінен, негізгі құралдардың қалдық сомаларының есептілікте кем немесе артық көрсетілуі, пайдаланылмаған демалыс күндері бойынша резерв сомаларының дұрыс есептелмеуі жағдайларынан орын алған.
Қаржылық есептіліктегі бұрмаланулар негізінен Бюджет кодексі, Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларының, Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларының, Есеп саясатының талаптары сақталмауы, есеп қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамауы, заңнама нормаларының сақталуына басшылықтың тиісті бақылауды қамтамасыз етпеуі болып табылады.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысымен, анықталған бұзушылықтарды жою, бюджет, бухгалтерлік есепті жүргізу мен есептілікті жасауға қатысты заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.