2022 жылдың 22 тамызында Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды. Мемлекеттік аудитпен «Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен оған бағынысты 4 мемлекеттік мекемелер – «Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы), №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы және №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары қамтылды. Нәтижесімен шоғырландырылған қаржылық есептілік аудитінің іс-шаралары бойынша бұзушылықтардың жалпы сомасы 212 738,2 мың теңгені құрады. Оның ішінде қаржылық есептіліктің бұрмалануларының жалпы сомасы 187 981,7 мың теңгені құрады. Рәсімдік бұзушылықтардың саны 53 бірлік.
Анықталған бұзушылықтар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің, «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Заңының, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бұйрықтарымен бекітілген «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларының», «Есеп саясатының» және «Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларының» талаптарын жеткілікті деңгейде басшылыққа алмаудан орын алған. Бұзушылықтардың негізгі себептері есеп қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамауы, лауазымды тұлғалардың құзыреттілік деңгейінің жеткіліксіздігі, заңнама нормаларын сақтауына басшылықтың тиісті бақылауды қамтамасыз етпеуі болып табылады.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша аудитпен қамтылған мекемелерде анықталған бұзушылықтарды жою, бюджет және бухгалтерлік есепті жүргізуге қатысты заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.